Дрон мен микрочип Ресейге Қазақстан арқылы жеткізіліп жатыр ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Португалияда шығарылған тауарлар Ресейге Қазақстан арқылы жеткізіліп жатыр ма / Фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Соңғы уақытта Португалиядан Қазақстан және Ресейге жақын өзге елдерге жоғары технологиялық өнімдер экспорты ерекше өскен. Euronews басылымының хабарлауынша, бұл құбылыс Еуропалық Одақ тарапынан санкцияларды айналып өту әрекеті ретінде қарастырылып, ресми Лиссабон назарына ілікті.

Статистикадағы «секіріс»

2022 жылы Украинадағы соғыс басталғаннан кейін, Португалияның Ресеймен тікелей сауда байланысы толық дерлік тоқтаған. Алайда португал тауарлары Ресей нарығынан жоғалғанымен, олар күтпеген жерден Орталық Азия мен Кавказ аймағында «пайда бола» бастады.

Португалияның Ұлттық статистика институтының (INE) деректері Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріне жасалатын экспорт көлемі еселеп артқанын айғақтайды.

Ең қызығы, бұл елдерге жөнелтіліп жатқан тауарлардың басым бөлігі – санкциялық тізімге енген, яғни Ресейге сатуға қатаң тыйым салынған өнімдер. Олардың қатарында:

  • Дрондар мен ұшқышсыз басқарылатын аппараттар;
  • Микрочиптер мен жартылай өткізгіштер;
  • Жоғары технологиялық электроника;
  • Өнеркәсіптік маңызды компоненттер бар.

Реэкспорт тетігі: Тауар қалай тасымалданады?

Португалия билігінің болжамынша, еуропалық компаниялар өз өнімдерін үшінші елдерге сатып, сол жерден тауарлар Ресейге қайта экспортталуы (реэкспорт) мүмкін. Бұл тізбек Еуропа Одағының Ресей қорғаныс өнеркәсібін батыс технологияласынан ажырату стратегиясына тікелей кедергі келтіреді.

Аталған елдер Португалиядан импортты арттыруымен қатар, дәл осы санаттағы тауарлардың Ресейге бағытталған экспортының да өсуі бұл күдікті бекіте түседі.

Осыған байланысты Португалияның Қаржы министрлігі санкцияларды айналып өтудің ықтимал схемаларын анықтау мақсатында ауқымды тексеру жұмыстарын бастап кетті.

Қазақстанға қайталама санкция қаупі төніп тұр ма

Қазақстан үшін бұл мәселе тек статистикалық дерек қана емес, үлкен репутациялық және экономикалық тәуекел. 2024 жылдың өзінде қазақстандық төрт компания Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін АҚШ-тың «қара тізіміне» (екінші деңгейлі санкциялар) іліккен болатын.

Егер Португалия мен ЕО-ның өзге елдері бұл «технологиялық ағынды» заңсыз деп таныса, алдағы уақытта елге келетін инвестиция мен заманауи техниканың жеткізіліміне кедергілер көбеюі әбден мүмкін.

Ресейге тыйым салынған жабдық тасыған Kazstanex компаниясы, санкцияны айналып өтуге көмектесті деген «КБР-Технология», CATU TECH, Elem Group компаниялары тізімге енген. Олардың арасында санкцияға бірнеше рет іліккендері бар.

Сондай-ақ оқыңыз