Иран Дубай әуежайына соққы берді, келесі кезекте – банктер

Иран коммерциялық кемелер мен Дубай әуежайына соққы жасады. Тегеран келесі нысана банктер болуы мүмкін екенін ескертті.
CBS News мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы өршіді. Иран жаңа шабуылға көшті.
Теңіз миналары
Түнде ирандық дрондар Ормұз бұғазы маңында кемінде үш коммерциялық кемеге соққы берген. Бұл шабуыл әлемдік сауда үшін аса маңызды теңіз жолындағы қозғалысты күрт қиындатты. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатаң ескерту жасады.
АҚШ шенеуніктері Иран бұғазға теңіз миналарын орналастыруға дайындалып жатуы мүмкін екенін айтты. Ал Пентагон стратегиялық су жолының маңында 16 миналы катерді жойғанын мәлімдеді.
Әуежайға соққы
Сонымен қатар түнде дрондар Дубай халықаралық әуежайына шабуыл жасаған. Нәтижесінде төрт адам жараланған. Бірақ ірі авиациялық хаб жұмысын тоқтатпаған. Біріккен Араб Әмірліктері билігі ирандық дрондар мен зымырандардың бір бөлігін әуе қорғаныс жүйелері ұстағанын хабарлады.
Иран Таяу Шығыстағы АҚШ-пен байланысты банктерге соққы бере бастайтынын ескертті.
140 АҚШ әскері жараланған
Пентагон деректеріне сәйкес, сейсенбі күні Иранмен соғыстың алғашқы 10 күнінде шамамен 140 америкалық әскери қызметкер жараланған. АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет АҚШ пен Израиль «соғыста жеңіске жетіп, мақсаттарына тез жетіп жатыр» деп мәлімдеді. Ол АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларына қатысты пікір білдіріп, «бұл тек бастамасы» екенін айтқан еді.