Польшада Эпштейн ісі аясында қыздарды сату дерегі тергеліп жатыр

«Эпштейн тізімі» деп аталатын істің ізі Польшаға алып келді. Елдің Ұлттық прокуратурасының мәліметінше, 2026 жылғы 10 наурызда №5 тергеу тобы 2009 жылдан 2019 жылдың тамызына дейін Польшада және одан тыс жерлерде орын алуы мүмкін адам саудасы бойынша іс қозғады.
Тергеудің болжамы бойынша, қылмыстық желі кәмелетке толған және толмаған қыздарды, соның ішінде Польша азаматшаларын да тартқан. Оларға шетелде жұмыс істеуді уәде етіп, алдау жолымен елден шығарып, кейіннен сексуалдық қанау үшін басқаларға беріп отырған.
Тергеу барысында АҚШ Әділет министрлігінің Epstein Files Transparency Act заңы аясында жариялаған материалдарымен танысуға мүмкіндік туған. Осы деректер негізінде Польша аумағында қылмыс жасалды деп күдіктенуге негіз бар.
«Жақын арада прокуратура іс бойынша дәлелдерді ұсыну туралы өтінішпен Еуропаның екі еліне сұрау салады», – делінген ведомствоның ресми мәлімдемесінде.
Польшада адам саудасы үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Джеффри Эпштейн – соңғы онжылдықтағы ең шулы қылмыстық істердің бірінің фигуранты болған американдық қаржыгер.
2008 жылы ол кәмелетке толмаған баланы жезөкшелікке тартқаны үшін кінәсін мойындап, түрмеге қамалған. 2019 жылы Эпштейн адам саудасы және қыздарды жүйелі түрде сексуалдық мақсатта сатты деген айыппен қайта ұсталды. Үкім шыққанға дейін ол тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсады.
2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ-та Эпштейнге қатысты архивтік материалдардың – хаттардың, фотосуреттер мен видеолардың жаңа бөлігі жарияланды.
Бұған дейін Эпштейн ісіне қатысты құжаттарда Қазақстанның 400-ге жуық рет аталатынын жазған едік. Аталған есімдердің арасында ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов бар.