Әлемдік нарықта мұнай бағасы 100 доллардан асты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мұнай бағасы құбылып тұр Фото: shutterstock

Әлемдік нарықта Brent маркалы мұнайдың бағасы бір күнде 14,3%-ға өсіп, барреліне 100,3 долларға жетті. Сауда-саттық барысында баға тіпті 119 долларға дейін шарықтап, кейін қайтадан 87 долларға дейін төмендеді.

Bloomberg басылымы бұл құбылмалылықты Оманның өз экспорттық терминалдарынан кемелерді шұғыл эвакуациялауы және Ирактың танкерлерге жасаған шабуылдармен байланыстырады. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы энергетикалық активтерге төнген жаһандық қауіптің деңгейін көрсетіп отыр.

Өндіріс тоқтап жатыр

Қақтығыстың ушығуы аймақтағы ірі мұнай-газ алпауыттарының жұмысына тікелей соққы болып тиді. Мәселен, QatarEnergy компаниясы әлемдік сұйытылған табиғи газдың (СТГ) 20%-ын қамтамасыз ететін зауыттардың жұмысын тоқтатып, форс-мажор жариялады.

Saudi Aramco болса, Рас-Танурадағы мұнай өңдеу зауытында өндірісті кідіртіп, мұнай тиеу бағыттарын Қызыл теңіздегі Янбу портына бұра бастады. Иракта мұнай өндірісі 70%-ға төмендеп, тәулігіне 4,3 млн-нан 1,3 млн баррельге дейін құлдырады.

Кувейттің KPC корпорациясы теңіз тасымалын сақтандыру мүмкін болмағандықтан міндеттемелерін орындай алмайтынын мәлімдесе, Бахрейннің Bapco Energies компаниясы ереуілдер мен шабуылдардан кейін форс-мажор жариялады.

Сонымен қатар ExxonMobil және TotalEnergies сияқты халықаралық корпорациялар өз қызметкерлерін аймақтан әкете бастады.

Иранның қатаң мәлімдемесі

Жағдайды Иранның мәлімдемелері одан ары қиындатып отыр. Иран қарулы күштерінің өкілі Эбрахим Зольфакари әлем мұнай бағасының барреліне 200 долларға жетуіне дайын болуы керегін ескертті.

Ол бағаның тұрақтылығы аймақтағы қауіпсіздікке тікелей байланысты екенін атап өтіп, АҚШ немесе Израильмен байланысты банктерге шабуыл жасалатынын ашық айтты. Осы мәлімдемелер аясында Парсы шығанағында тағы үш сауда кемесі шабуылға ұшырап, олардың экипаждары эвакуацияланды.

Ормуз бұғазының жабылу қаупі мен бағаның өсуіне жауап ретінде Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) нарыққа өздерінің апаттық қорларынан 400 млн баррель мұнай шығару туралы шешім қабылдады.

Бұл көлем төрт күн тұтылатын мұнай немесе Ормұз бұғазы арқылы өтетін 20 күндік мұнай көлеміне тең.

Дегенмен Reuters сарапшылары бұл резервтердің шектеулі екенін және оны жиі пайдалану мүмкін еместігін алға тартады. Қазіргі таңда логистикалық тізбектердің үзілуі тек мұнай емес, жалпы экономикалық өсімге, әсіресе Сингапур сияқты ірі мұнай-химия хабтарына үлкен қауіп төндіріп тұр.

Сондай-ақ оқыңыз