Үкімет азық-түлік бағасын түсіре алмаса, кемі ұстап тұруы керек – депутат

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева елде азық-түлік бағасы қымбаттап жатқанын, соны айтып туған-туыстары жиі шағым айтатынын мәлім етті.
Депутаттан әуелі «таксистер табыс түспей жатыр деп шағымданады, ал қарапайым адамдар азық-түліктің қымбаттығына жиі шағым айтады. Бұл жөнінде не ойлайсыз?» деп сұрады Kursiv.Media тілшісі. Депутат таксистердің арызы жайлы бірінші рет естіп тұрғанын айтты.
«Таксимен жүрмеймін, жеке көлігім бар. Жалпы қазір бензин қымбаттаса, таксистердің жағдайы нашар болуы мүмкін деп ойлаймын. Меніңше, қазір таксистердің жағдайы жаман емес. Астананы немесе басқа қалаларды алсақ, жалпы жол жүру бағасы өте қымбат деп айтуға болады. Мен жерлестеріммен сөйлескен кезде олардың өзі таксимен жүрудің өте қымбат екенін айтады», – дейді депутат.
Наталья Дементьева такси бағасы қымбат па, жоқ па деген мәселені зерттеу керек деп есептейді.
«Таксистердің қызметі, жол жүру бағасы, азық-түлік тауарларының бағасымен сәйкес болмауы керек деп ойлаймын…» – дейді ол.
Депутат сонымен қатар азық-түлік бағасының қымбаттығына назар аударады. Сөзінше, Көкшетаудағы туған-туыстары да өзіне осы шағымды жиі жеткізетін көрінеді.
«Осы мәселені маған қашан шешесіздер деп сұрайды. Азық-түліктің бағалары күннен-күнге өкінішке қарай өсіп жатыр», – дейді ол.
Үкімет қандай шешім ұсынуы керек деген сұраққа ол «зерттеу жүргізіп, талдау жасап, азаматтар алдында керекті азық-түлік тауарларына бағаны түсіру мәселесін шеше алмаса, кемі сол қалпында қалдыруға күш салуы керек» деп есептейді.