Таяу Шығыстағы жағдай: Әскер аурухана мен спорткешендерін де бомбылап жатыр

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Majid Asgaripour/WANA via REUTERS

АҚШ пен Израиль тарабы елдегі әскери базаларға ғана емес әлеуметтік нысандарға да бомба тастап жатыр. Бүгін Астанада тілшілермен кездескен Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Ақбар Джохар осылай деп мәлімдеді.

«Ондаған спорт кешендері де қирады. Олардың бірі 12 мың адамға арналған «Азади» спорт кешені. Бұрын Қазақстан спортшылары да сол кешенде өнер көрсеткен. Тарихи нысандар да қирады. Шабуыл кезінде олар барлық ғимараттарды нысанаға алып жатыр. Азаматтық немесе әскери деп бөліп жатқан жоқ», – дейді ол.

Елші тарихи-мәдени нысандарға жасалатын шабуылдардың алдын алу үшін Қазақстан тарапынан да көмек сұрайды.

«Сондықтан біз Аида Балаева ханымға, Қазақстанның туризм және спорт министрлігіне халықараралық алаңдарды пайдалана отырып, мәдени-тарихи, спорт, білім беру нысандарына жасалған шабуылдарға қарсы шараларды қолға алуын сұрап хат жаздық. Медициналық ұйымдарға жасалған шабуылдардың алдын алу үшін халықаралық ұйымдарды пайдалануын сұрап Денсаулық сақтау министрлігіне де хат жаздық», – деп мәлімдеді Әли Ақбар Джохар.

Елші айтқан «Азади» спорт нысанына бір апта бұрын шабуыл жасалды. Iran International дерегінше, одан бөлек Тегерандағы «Бесат» стадионына, «Шахидан Исмаил», «Ескендерлі» спорт кешеніне және «Азадаган» аквапаркіне де оқ тиген. Олардың қаншалықты зақымдалғаны белгісіз. Ал тарихи және мәдение ғимараттарды бомбылағаны туралы ақпарат тараған жоқ.

Жалпы қақтығыс басталғалы бері Иранда мың жарымнан аса адам қаза тапқан. Тағы он мың адам жарақат алған.

АҚШ, Израиль Иранға, Иран көрші елдерге

АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға әуе шабуылын бастады. Оған жауап ретінде Иран АҚШ-тың Араб елдеріндегі әскери базаларына бомба мен әскери дрондар жарды. Бірақ ол соққыдан қонақүй, әуежай, аурухана тәрізді әлеуметтік нысандар да зардап шегіп жатыр.

Күні кеше Иран Дубай әуежайына соққы берді, келесі кезекте банктер болатынын ескертті.

11 наурызда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранның Парсы шығанағындағы көршілес мемлекеттерге шабуыл жасауын дереу тоқтатуды талап етіп, арнайы құжат қабылдады. Бірақ  АҚШ пен Израиль туралы ешқандай сөз қозғалмаған.

Сондай-ақ оқыңыз