Мектеп мұғалімі 180 мың долларға апиын сатпақ болған

Өзбекстанның Сурхандария облысында мектеп мұғалімі 14,68 келі апиынды 180 мың долларға сатпақ болған сәтте ұсталды.
Gazeta.uz мәліметінше, Сурхандария облысының Сариасия ауданында 42 жастағы мектеп мұғалімі есірткі саудасына күдікті ретінде ұсталған.
Ер адам 14,68 келі апиынды шартты сатып алушыға 180 мың долларға сатпақ болған кезде қолға түскен. Тергеу барысында есірткіні оған бұған дейін Тәжікстаннан келген наркокурьерлер бергені анықталған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабының 5-бөлігі (есірткі құралдарын, олардың аналогтарын немесе психотроптық заттарды ірі көлемде заңсыз сату) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұдан бөлек, Сырдария облысының Хаваст ауданында Тәжікстанмен шекара маңында шекарашылар екі жергілікті тұрғынды (43 және 36 жаста) ұстады. Олар тікенек сым қоршауы арқылы лақтырылған алты сөмкені алып жатқан.
Сөмкелердің ішінен 8,31 келі героин және 54,45 келі апиын табылған.
Айта кететін жайт, ҰҚК 30 келі апиын сатпақ болғандардың жолын кесті.