Ақмола облысында пойыз бір үйір жылқыны қағып кетті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: shutterstock
фото: shutterstock

Ақмола облысында теміржолға шығып кеткен бір үйір жылқыны жүк пойызы қағып кетті.

Көліктегі полицияның мәліметінше, Ерейментау – Алтынтау бағытымен келе жатқан жүк пойызының машинисі теміржол үстінде үй жануарларын байқап, шұғыл тежегішті басуға мәжбүр болған.

Алайда соқтығысты болдырмау мүмкін болмаған. Пойыз 11 жылқыны қағып кеткен. Оқиға салдарынан құрам жоспардан тыс 23 минутқа тоқтаған.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, жедел-іздестіру шаралары барысында бір шаруа қожалығының 35 жастағы жылқышысы анықталды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомствоның мәліметінше, биыл жыл басынан бері Қазақстанда пойыздардың шұғыл тежегіш қолданған 234 жағдайы тіркелген. Оның 61-і теміржолда адамдардың жүруіне байланысты болса, 167-сі жануарларының жолға шығып кетуінен болған.

Мұның алдында Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқалы ауылдық округінде  жылқы малы тебіндеп шөпке жете алмай, қыстақта қырылғаны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз