«Кастетпен ұрмаған»: Тараздағы төбелеске қатысты жаңа ақпарат шықты

Жамбыл облысы бойынша балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Даурен Бағжанов мектеп оқушылары арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін Таразда №51 мектептің 9-сынып оқушысын бір топ қыз көшеде ұрып кеткені айтылды. Анасының сөзінше, қыздар кастет қолданған. Бағжанов бұл ақпаратты жоққа шығарды. Айтуынша, төбелеске екі қыз ғана қатысқан, қалғандары қарап тұрған. Жалпы оқиғаға алты қыздың қатысты бар.
Маман кастет пен қыздың жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, оқиға 5 наурызда басталған. Ол кезде №51 мектептің оқушысы №25 мектептің қызын ұрған. Полицияға жеткізілгеннен кейін тараптар татуласқан. Алайда 6 наурызда №25 мектептің қыздары жиналып, есе қайтаруға барған.
«Дәрігерлер жәбірленуші қызға ауыр соққы жасалмағанын, денсаулығында ешқандай потология болмағанын мәлімдеді. Қыз жансақтау бөліміне түспеген. Денсаулығы қалыпты болғандықтан, 11 наурыз ауруханадан шығарылды», – деп мәлімдеді Тараз қаласының білім бөлімі.
Жамбыл облысы полициясының хабарлауынша, осы жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысқандар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
«Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жасөспірімдердің әрекеттері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Жасөспірімдер профилактикалық есепке алынды», – деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, 2025 жылы Таразда екі оқушы арасында жанжал шығып, бірі қайтыс болды.