Қазақстандықтар БАӘ-де 217 вилла мен апартаментін «заңдастырған»

Қазақстан азаматтарына Біріккен Араб Әмірліктерінде 217 жылжымайтын мүлік нысаны тиесілі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Азаматтардың шетелдік активтері туралы ақпарат салық органдарына декларациялардан және шетелдік ведомстволармен халықаралық деректер алмасу шеңберінде түседі. Сөз есептіліктің екі нысаны – активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00-нысан) және кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) жайында болып отыр.
«2025 жылғы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда декларанттар БАӘ-де орналасқан 168 жылжымайтын мүлік нысанын көрсеткен. 2024 жылғы есепті кезеңдегі кірістер мен мүлік туралы декларацияда БАӘ-дегі 49 жылжымайтын мүлік нысаны декларацияланған. Осылайша, 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша БАӘ-де 217 жылжымайтын мүлік нысаны декларацияланды», – делінген хабарламада.
Ведомство екі декларацияның да 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша толтырылатынын нақтылады.
Бұған дейін БАҚ-та Дубайдағы Fairmont The Palm қонақ үйінің жанындағы тұрғын үй кешенінде қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер туралы ақпарат пайда болған еді. Бұл мәліметтер қонақ үй маңына ұшқышсыз ұшу аппаратының құлауына байланысты оқиғадан кейін белгілі болды.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл нысандар бойынша жеке тексеру жүргізілмегенін атап өтті.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Дубайда пәтері бар шенеуніктерді прокуратура тексеріп жатқанын айтқан еді.