Иранның жаңа көшбасшысы теледидардағы алғашқы мәлімдемесінде кек алуға уәде берді

Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы – Моджтаба Хаменеи әкесі қайтыс болғаннан кейін ел азаматтарына алғаш рет үндеу жасады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, мемлекеттік теледидардағы алғашқы сөзінде ол қаза тапқандар үшін кек алуға уәде беріп, АҚШ пен Израиль өз шабуылдарын тоқтатқанша Ормуз бұғазы жабық қалатынын мәлімдеді.
«Қарсылас өз іс-әрекетінің салдарын сезінуі тиіс. АҚШ аймақтағы барлық базаларын жабуы керек», – деп атап өтті Хаменеи.
Оның айтуынша, әлемдік мұнайдың бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазы қарсыласқа қысым көрсету құралына айналмақ.
АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға әуе шабуылын бастады. Оған жауап ретінде Иран АҚШ-тың Араб елдеріндегі әскери базаларына бомба мен әскери дрондар жарды. Бірақ ол соққыдан қонақүй, әуежай, аурухана тәрізді әлеуметтік нысандар да зардап шегіп жатыр.
Күні кеше Иран Дубай әуежайына соққы берді, келесі кезекте банктер болатынын ескертті.
11 наурызда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранның Парсы шығанағындағы көршілес мемлекеттерге шабуыл жасауын дереу тоқтатуды талап етіп, арнайы құжат қабылдады. Бірақ АҚШ пен Израиль туралы ешқандай сөз қозғалмаған.