АҚШ танкермен тасымалданатын Ресей мұнайына салынған санкцияны уақытша алды

АҚШ 11 сәуірге дейін кемелерге тиеліп қойған ресейлік шикі мұнай мен мұнай өнімдерін сатуға рұқсат берді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі хабарлады деп жазады Reuters.
АҚШ елдерге теңізде жүрген ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алуға 30 күндік лицензия берді. Қаржы министрі Скотт Бессент Х әлеуметтік желісінде бұл «тар ауқымды әрі қысқа мерзімді шара» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, лицензия тек қазірдің өзінде жолда келе жатқан мұнайға қатысты қолданылады және Ресей үкіметіне айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты мұнай саудасына салған санкцияны уақытша алып тастау туралы айтқан. Бірақ нақты қай елге қатысты екендігі белгісіз еді.
Трамптың бұл шешіміне негіз жоқ емес. Иран, Израиль және АҚШ арасындағы соғыс салдарынан Ормұз бұғазындағы қозғалыс тоқтап, мұнай бағасы күрт өсіп кетті. Ал бұл бұғаз арқылы әлемде өндірілетін мұнайдың бестен бірі өтеді.
Ал Иран мұнай бағасы әлі де өсе түседі, нарықты тұрақсыздық орнатамыз деп сес көрсетіп отыр.