Ерлі-зайыпты Жанабыловтар соты бүгін басталады

Ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот 13 наурызда басталады. Бұл туралы Астана сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Соттың хабарлауынша, алдын ала сот тыңдауы 13 наурыз сағат 15:00-де өтеді деп жоспарланған.
Істің мән-жайы
2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, жаңа қаулы шығарды. Істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
Блогерлер үйқамаққа алынды
Қаржы мониторингі агенттігі бұған дейін блогерлердің үйқамаққа алынғанын хабарлады.
Агенттік ақпаратына сүйенсек, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.
«2025 жылы онлайн-курс сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Ол «курстарды» сатып алғандар қымбат сыйлықтар ұтысына қатысатын болған. Таратылған видеоның басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған», – делінген ақпаратта.
Жүлде қоры жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеп қатысқандардың ақшасы есебінен қалыптастырылған.
Тергеу барысында электронды «сәттілік барабаны» параметрлерін өзгерту фактілері анықталған. Нәтижесінде 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.