Тұрғын үйді криптовалюта арқылы сатып алса, баға арзанға шығуы мүмкін – сарапшы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Қазақстанда тұрғын үйді биткоинмен сатып алу ресми түрде рұқсат етілсе, еліміз криптовалютамен үйлер сатып алуға ең қолжетімді мемлекеттердің бірі болар еді. Ranking.kz сарапшылары осындай дерек келтірді.

Қазіргі таңда криптовалюға арқылы тұрғын үйді тек Біріккен Араб Әмірліктерінде, Португалияда, Черногорияда, Швейцарияда, Сальвадорда және тағы басқа санаулы елдерде сатып алуға болады. Қазақстанда бұл мүмкіндік әлі қолжетімсіз.

Қазақстан – криптоинвесторларға қолжетімді нарық

Ranking.kz сарапшыларының мәлімдеуінше, тұрғын үй бағасын биткоинге ауыстырсақ, Қазақстан криптоинвесторларға арналған тұрғын үйдің қолжетімділігі бойынша әлемде 11-орында тұрар еді.

Есептеулерге сәйкес, елдің ірі қалаларында 50 шаршы метрлік шағын пәтердің бағасы шамамен 0,9 BTC құрайды. Бұл көптеген елдерге қарағанда айтарлықтай арзан.

Салыстыру үшін:

  • Ресейде – 1,7 BTC;
  • Өзбекстанда – 1,3 BTC;
  • Беларусьте – 1,2 BTC.

Дамыған экономикаларда тұрғын үйдің бағасы криптовалютаға шаққанда әлдеқайда жоғары. Мысалы:

  • АҚШ-та – шамамен 2,4 BTC;
  • Қытайда – 3,6 BTC.

Ең қымбат нарықтар – әлемдік қаржы орталықтары болып қала береді:

  • Гонконгта – 17,8 BTC;
  • Сингапурде – 16,6 BTC;
  • Швейцарияда – 13,5 BTC.

Алайда тұрғын үйдің биткоин немесе басқа криптовалютадағы бағасы оның халық үшін қаншалықты қолжетімді екенін нақты көрсетпейді. Бұл көрсеткіш ең алдымен азаматтардың табыс деңгейіне байланысты.

Мысалы, АҚШ-та пәтер бағасы биткоинмен есептегенде өте қымбат болса да, америкалықтардың табысы жоғары болғандықтан, пәтерге ақша жинау олар үшін жеңілірек. АҚШ-та тұрғын үй бағасы орташа отбасылық табысы шамамен 3,5 есеге сәйкес келсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 8,9 есеге жетеді. Яғни, қазақстандықтарға пәтер алу үшін жылдық табысының үш есе көлемінде ақша жинау қажет.

Криптовалютаның құбылмалылығы тұрғын үй бағасына әсер етеді

Тұрғын үйдің биткоиндағы бағасы криптовалюта курсындағы ауытқуларға байланысты күрт өзгеруі мүмкін.

Мысалы, 2022 жылы 50 шаршы метрлік пәтердің бағасы шамамен 2,8 BTC болса, 2026 жылдың басында сол пәтердің бағасы шамамен 0,9 BTC – үш есе арзан болды. Сол уақытта ұлттық валютадағы бағалар өсе берді, яғни теңгемен есептегенде пәтердің бағасы шамамен 39% артты.

Осы аралықта биткоин әлдеқайда жоғары динамика көрсетті. Егер инвестор тек криптовалютаны әмиянында ұстап отырса, оның құны төрт еседен жоғары өсуі мүмкін еді.

Қазақстанда қай қалада тұрғын үй биткоинге ең арзан?

Егер Қазақстанның әртүрлі қалаларындағы тұрғын үй бағасын криптовалютаға ауыстырсақ, ең қымбат тұрғын үй мегаполистерде қалады. Астана мен Алматыда 50 шаршы метрлік пәтер үшін шамамен бір биткоиннен сәл асады.

Ең төмен бағалар болуы мүмкін қалалар:

  • Орал – шамамен 0,46 BTC;
  • Ақтөбе – шамамен 0,48 BTC.

Қазақстан криптовалютаны заңдастыруға бет бұруда

Елде криптоэкономиканың дамуы мұндай мәмілелердің пайда болуына біртіндеп жағдай жасап отыр. Астана қазір Қазақстандағы басты криптовалюта орталығы болып есептеледі, мұнда криптобиржалар жұмыс істейді, майнинг компаниялары тіркелген және жаңа қаржылық құралдар сынақтан өткізіліп жатыр.

Сонымен қатар, 2026 жылы банктік қызмет және қаржы нарығы туралы жаңартылған заңдар күшіне енді. Олар криптовалютаның айналымын тек АХҚО аумағында ғана емес, бүкіл Қазақстанда заңдастырады.

Келесі қадам ретінде Алатау қаласында салынып жатқан CryptoCity эксперименттік криптоқаласын құру қарастырылуда. Онда биткоин және басқа цифрлық валюталарды төлем және инвестиция құралы ретінде қолдану жоспарланған.

Айта кетейік, Қазақстанның тұрғын үй нарығында белсенділік төмендеп келеді. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың ақпан айында жалпы 27 421 сатып алу-сату шарты тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз