Ұлттық банк төрағасының орынбасары тағайындалды

Мемлекет басшысының өкімімен Бинұр Мұратұлы Жәленов Ұлттық банк төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Бинұр Жәленов – Қазақстанның қаржы технологиялары мен цифрлық трансформация саласында еңбек етіп жүрген маман.
Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Нью-Йорк университетінде «Ақпараттық жүйелер магистрі/іскерлік басқару магистрі (MBA)» дәрежесін алған. Сондай-ақ Кембридж университетінің бизнес мектебінде «Cambridge FinTech and Regulatory Innovation» бағдарламасы бойынша білім алған.
Бинұр Жәленов – «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты.
Еңбек жолын білім беру және IT саласында бастаған. Әр жылдары Қаржы министрлігінің «Электрондық коммерция орталығында» IT-кеңесші, Isker Akparat компаниясында менеджер және топ-менеджер қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Нью-Йорк университетінің Курант атындағы математикалық ғылымдар институтында зерттеу ассистенті болып, IBM IX компаниясында технологиялық стратегия бойынша кеңесші ретінде жұмыс істеген.
2019-2021 жылдары Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі болды. Кейін Ұлттық банктің «Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығының» басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2023 жылы «Қазақстандық банкаралық есеп айырысу орталығының» бас директоры, кейін «Ұлттық төлем корпорациясының» басқарма төрағасы болды.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап Бинұр Жәленов Ұлттық банкте цифрлық трансформация жөніндегі жетекші әрі Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі қызметін атқарып келеді.
Еске салсақ, 20 ақпанда Тоқаевтың бұйрығымен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қызметінен кетті. Бұған дейін Шолпанқұлов БАҚ өкілдерінің біріне 7 трлн теңгеге қатысты пікір білдірген. Сұхбатында 7 трлн теңгенің «таза сыртқа шығарылған ақша» емес, жалпы «қаражат айналымы» екенін айтқан. Сондай-ақ, ол алдын ала тексеріс нәтижесі банктердің ешқандай заң бұзу анықталмағанын мәлімдеген.
Кейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында орынбасарының қызметтен кетуіне қатысты түсініктеме берген еді.