Казақстанда нарықтық ипотеканы тек қалталылар ала алады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ипотека нарығы тек мемлекеттік бағдарламалардың арқасында дамып отыр / Фото: Shutterstock

Ипотека нарығы бүгінде еркін нарық заңдарына бағынбай, тек мемлекеттік бағдарламалар мен үкімет бөлген қаржының арқасында дамып отыр. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары осылай деп тұжырымдайды.

2025 жылдың қорытындысы көрсеткендей, тұрғын үй несиесі нарықтық шынайы жағдайдан мүлдем алшақтап, құрылымдық теңсіздікке ұшыраған.

Отбасы банк – нарықтың негізгі ойыншысы

Мәселен, елімізде жалпы несие алу көрсеткіші төмендегенімен, ипотека сегменті керісінше 16,7%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жетті.

Бұл өсімнің негізгі қозғалтқышы – Отбасы банк. Себебі жаңадан берілген ипотеканың 74%-ы осы банк пен «7-20-25» сияқты жеңілдетілген бағдарламаларға тиесілі.

Коммерциялық банктердің нарықтық өнімдері тым қымбат болғандықтан, олардың үлесі 26%-ға дейін азайып, нарықтан ығысып барады.

Арзан ипотека нарықты қалай өзгертті

Қазіргі таңда Отбасы банк беретін ипотеканың орташа мөлшерлемесі 9,8%-ды құрайды, бұл елдегі инфляция (12,3%) мен базалық мөлшерлемеден (18%) айтарлықтай төмен, яғни ипотека нарығы жасанды түрде арзан болып тұр.

Сонымен қатар жылжымайтын мүлік бағасы мен халық табысының арасындағы алшақтық рекордтық деңгейге жетті.

Үй бағасы жыл сайын қымбаттаса, халықтың нақты табысы оған ілесе алмай отыр.

Бұл жағдай үй алу мүмкіндігін күрт төмендетіп, ипотека алуға өтінім бергендердің тек төрттен бірінің ғана талапқа сай келуіне әкеп соқты.

Оған қоса, БЖЗҚ-дан тұрғын үйге бағытталған 839 млрд теңге бағаның одан ары өсуіне қосымша қысым жасады.

Коммерцияық ипотеканы тек байлар алады

Нәтижесінде нарық бірнеше топқа бөлініп кетті: арзан несие тек мемлекеттік қолдауға іліккендерге бұйырса, нарықтық ипотека тек өте ауқаттыларға қолжетімді болып қалды.

Ал үй сатып алушылардың 41%-ы несиеге жүгінбей, тек өз жинаған қаражатымен мәміле жасауға мәжбүр.

Мұндай құрылымдық тәуекелдер мен мемлекет қаржысына деген тәуелділік халықтың табысы өспейінше және нарықтық тетіктер қалпына келмейінше сақтала бермек.

Қазақстанның ипотека нарығы үлкен өзгеріс алдында тұр. 2026 жылдың 19 наурызынан бастап бүкіл банктерге бұрын тек «Отбасы банкі» қатысқан тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесімен жұмыс істеуге жол ашылады.

Сондай-ақ оқыңыз