Нью-Йорк әкімшілігінде алғаш рет ауызашар берілді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: скрин

Нью-Йорк қаласының әкімшілік ғимаратында тарихта тұңғыш рет ресми ауызашар өтті. Қала мэрі Зохран Мамдани ұйымдастырған ауызашарға мұсылман қауымдастығының өкілдері, белсенділер мен қалалық шенеуніктер қатысты.

Бұл бастама Нью-Йорк тарихындағы елеулі сәт ретінде тіркелгенімен, қала тұрғындары мен қоғам белсенділерінің арасында қызу пікірталас тудырды. Оқиғаға қатысты қоғамның пікірі екіге жарылды.

Бір топ қала тұрғындары мэрдің бұл қадамын жоғары бағалап, қолдау білдірді. Олардың пікірінше, мэрия қабырғасындағы ауызашар Нью-Йорктің көпұлтты және көпконфессиялы сипатын айқын көрсетеді. Қолдаушылар мұндай шаралар түрлі мәдениеттер арасындағы түсіністікті нығайтып, мұсылман қауымының қала өміріндегі маңызды рөлін айшықтайтынын алға тартты.

Дегенмен, бұл бастамаға қарсы шыққандар да табылды. Оппоненттер діни жоралғының мемлекеттік әкімшілік ғимаратта өткізілуін орынсыз деп санайды. Олардың пайымдауынша, әкімшілік мекемелер діни бейтараптылықты сақтауы тиіс және мұндай шаралар ресми орындардың қызметтік этикасына қайшы келеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нью-Йорк қаласының мэрі Зохран Мамдани қызметіне кірісу кезінде Осман дәуіріне тиесілі, XVIII ғасырға жататын қолжазба Құранға қолын қойып ант берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз