Жанабыловтар ісі прокуратураға қайтарылмайтын болды

Астанада ерлі-зайыпты блогер Жанабыловтарға қатысты істе алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр. Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова сот залына келді. Оларға қылмыстық кодекстің 214 және 218-бабында көрсетілген қылмыстық жасады деген айып тағылған.
Блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова сот залында істі прокурорға қайтаруды сұрады.
«Істе қылмыстық-процессуалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты және қылмыстық істі әрі қарай тоқтату үшін алдын ала сот тыңдауы сатысында қылмыстық істі прокурорға қайтаруыңызды сұраймын», – деді Гаухар Айтжанова.
Қылмыстық істегі прокурор Карина Аманжолованың айтуынша, адвокаттың уәжі қылмыстық істі прокурорға қайтаруға негіз бола алмайды.
«Іс бойынша жиналған дәлелдер жиынтығы, соның ішінде сараптама қорытындылары, қаржылық құжаттар, процессуалдық әрекеттердің нәтижесі және істің өзге де материалдары Қылмыстық кодекстің 214 және 218-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректердің бар екенін дәлелдейді», – деді прокурор Карина Аманжолова.
Істі қарап жатқан судья Әділбек Баймаханов өтінішхатқа қатысты шешім шығарды. Судья келтірілген уәж істі прокуратураға жіберуге негіз бола алмайтынын айтып, басты сот талқылауы өтетін күнді белгіледі.
Осылайша басты сот талқылауы 16 наурыз сағат 11:00-де басталады.