Павлодар облысында жойқын желден кейін төтенше жағдай режимі енгізілді

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
ауа райы
Павлодар облысында жойқын желден кейін ТЖ режимі енгізілді / Фото: Shutterstock

Павлодар облысының Баянауыл ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатқа сәйкес, бұл шешім ауа райының қолайсыздығынан туындаған салдарды жедел жою мақсатында қабылданған. Қалпына келтіру жұмыстарын 2026 жылдың наурыз-сәуір айларында аяқтау жоспарлануда.

Апат салдарын жою жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар үйлестіреді. Ресми мәлімет бойынша, қажет болған жағдайда жөндеу-қалпына келтіру шараларына аудан тұрығындары да тартылуы мүмкін. Бұл қадам стихиялық апаттан бүлінген нысандарды тезірек қалпына келтіруге бағытталған.

Осы аптада Павлодар облысында ауа райы күрт бұзылып, екпінді жел, қалың қар мен боран соқты. Жолдарда көрініс нашарлап, құтқарушылар қар құрсауында қалған жүргізушілерге көмек көрсетуге мәжбүр болды. Төтенше жағдайлар департаменті күрделі метеорологиялық жағдайға байланысты тұрғындарға сақ болуды ескертті.

Өкінішке орай, табиғи апат адам өліміне әкеп соқты. 11 наурыз күні таңертең Баянауыл ауданы Майкөбе ауылынан 10 шақырым жерде 1980 жылы туған ер адамның денесі табылды. Ол 10 наурызда мал қайыруға атпен шығып, қайтып оралмаған. Марқұм жергілікті ұжымдық шаруашылықтардың бірінде жұмыс істегені анықталды.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, секундына 30 метрге дейін жеткен жойқын желдің салдарынан аймақта 33 ғимараттың шатыры зақымдалған. Сондай-ақ, бірқатар елді мекендерде электр жарығы өшіп қалды. Қазіргі уақытта арнайы комиссия келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр.

Синоптиктер алдағы күндері де ауа райының қолайсыз болатынын ескертеді. 14 наурызда облыста қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ пен бұрқасын күтіледі. Желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 15-20 метрге дейін жетеді деп болжануда.

Сондай-ақ оқыңыз