СІМ Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялауды аяқтады

Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялауды аяқтады. Жалпы алғанда Қазақстанға 10 275 азамат қайтарылды.
СІМ мәлімдегендей, эвакуацияға ұшақтар мен жер көліктері пайдаланылды.
«Қазақстан Республикасының өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерлерде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды үйлестіріп, отандастармен тұрақты байланыста болып, Қазақстан азаматтарына қажетті көмек көрсетті», – деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстандықтарды қалай эвакуациялады
Азаматтарды эвакуациялау үшін әртүрлі бағыттар қолданылды. Алдымен оларды Қатар, Дубай және басқа елдерде жинап, автобуспен Оман мен Сауд Арабиясына жеткізген, содан кейін ұшақпен Қазақстанға әкеткен.
Жер арқылы эвакуация жүргізілді, мысалы, Армения, Әзірбайжан және Түрікменстан арқылы өтетін бағыттар пайдаланылды.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев бірнеше елге бармауға кеңес берді. Ішінде Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, БАӘ, Оман және Сирия бар.