Референдум күні Атазаң есімді сәби дүниеге келді

Маңғыстау облысында референдум күні көпбалалы отбасында тоғызыншы сәби дүниеге келді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сәбиге Атазаң есімі берілді. Жаңа туған нәресте – отбасындағы тоғызыншы бала. Ұл бала салмағы 4130 грамм, бойы 57 сантиметр», – делінген хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, анасы мен сәбидің жағдайы жақсы.
Ата-анасы ел үшін маңызды күні ұлдарының дүниеге келуін ерекше әрі символдық оқиға деп атап өтті. Перзентхана қызметкерлері отбасын құттықтап, сәбиге денсаулық пен бақыт тіледі.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан бойынша жаңа Ата заң жобасына дауыс беруге арналған референдум басталды. Ел бойынша 10 388 учаске ашылды.
ОРК мүшесі Шавкат Өтемісов референдум басталғалы 6,4 миллионнан астам азамат дауыс бергенін мәлімдеді.
Kursiv Media референдумнан мәтіндік трансляция жүргізіп отыр, саяси науқан қалай өтіп жатқанын мына жерден көре аласыздар.