Қазақстандағы шетелдік ЖОО филиалдарына грант бөлінеді

Ғылым және жоғары білім министрлігі елдегі шетелдік университеттердің филиалдарын қолдау мақсатында Қазақстан азаматтарына мемлекеттік гранттар бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде айтты.
Министрдің сөзінше, бұл бастама қазақстандық талапкерлер үшін жаңа мүмкіндік ашады.
«Біз қазір осындай саясатқа көшіп жатырмыз: шетелдік университеттердің Қазақстандағы филиалдарының дамуын қолдау үшін алғашқы 5-10 жыл ішінде оларға мемлекеттік гранттар бөлінеді. Бұл гранттар міндетті түрде Қазақстан азаматтарына арналған болады. Осылайша талантты жастарымыз шетелден білім іздемей-ақ, ел ішінде сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болады. Оның үстіне қазір шетелдегі жағдай да күрделі: визалық талаптар мен көші-қон тәртібі өзгеріп жатыр, тұрақсыздық байқалады», – деді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде бакалавриат деңгейінде бәсекеге қабілетті білім алу үшін міндетті түрде шетелге шығудың қажеті жоқ.
Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін үйренуге арналған компьютерлік ойынды әзірлеуге 241,8 миллион теңге жұмсаған.