Шетелде жүрген 9 мыңнан аса қазақстандық референдумда дауыс берді
Жарияланды

Шетелде ашылған 14 дауыс беру учаскесі жұмысын аяқтады. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
«Шетелдегі референдум учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-ден бері жүргізіліп келеді. Уақыт айырмашылығына байланысты сағат 19:00-ге дейін шетелдегі барлық учаскелер ашылып, оның 14-і жабылып үлгерді», – деп хабарлады комиссия.
Қазірге дейін шетелдегі 9 050 адам референдумда дауыс берген.
«Сағат 00:00-ге дейін шетелдегі 64 учаске өз жұмысын аяқтайды. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі ең соңғы болып 16 наурызда Астана уақытымен сағат 08:00-де шетелдегі сайлау үдерісін тәмамдайды», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, референдумда 54 елде орналасқан 71 референдум учаскесі жұмыс істейді.