Қазақстанда сиыр етін экспорттауға квота енгізу ұсынылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда сиыр етін экспорттауға қатысты талаптар өзгеруі мүмкін. Енді ет комбинаты бар фермалар үшін ең төменгі шек 500 бас ірі қараға дейін төмендетіледі.

Ал 5 мыңнан астам ірі қарасы бар, бірақ жеке ет комбинаты жоқ фермаларға етті үшінші тараптағы қайта өңдеу кәсіпорындары арқылы экспорттауға рұқсат берілуі мүмкін.

Экспортқа квота енгізіледі

2025 жылғы 29 желтоқсандағы №503 «ҚР аумағынан ірі қара етін шығару мәселелері туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Құжат жобасы 2025 жылғы 5 наурыздағы сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес әзірленді.

Жаңа ережеге сәйкес жаңа, салқындатылған және мұздатылған сиыр етін экспорттауға алты айлық квота енгізіледі. Оның жалпы көлемі 20 мың тонна болады.

Квота фермадағы мал санына қарай бөлінеді:

  • 5 мың бас – 1 мың тонна
  • 10 мың бас – 2 мың тонна
  • 15 мың бас – 3 мың тонна
  • 20 мың бас – 4 мың тонна
  • 50 мың бас – 10 мың тонна

Сонымен қатар ет экспорттауға тек фермердің өз малы өз кәсіпорнында өңделген жағдайда ғана рұқсат беріледі.

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды, ол 19 наурызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.

Айта кеетйік, Global Product Price порталының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда Қазақстан сиыр етінің бағасы бойынша 76 елдің ішінде 42-орында тұр. Жаһандық деректер платформасы көрсеткен баға нақты нарықтағы немесе дүкендегі бағаға өте жақын: 1 келі сиыр еті – 15,1 доллар, яғни 7,4 мың теңге.

Сондай-ақ оқыңыз