Наурыз қарсаңында Алматыдағы негізгі көшелер жабылады

Наурыз мерекесіне дайындыққа байланысты Төле би көшесіндегі қозғалыс уақытша тоқтатылады деп хабарлайды қала әкімдігі.
«Алматы Жолы» мекемесінің мәліметінше, 16 наурыз сағат 03:00-ден 23 наурыз сағат 00:00-ге дейін Назарбаев даңғылынан Абылай хан көшесіне дейінгі учаске жабылады.
Дәл осылай Назарбаев даңғылындағы қозғалыс та уақытша тоқтатылады. Бірақ оған жөндеу жұмыстары себеп.
Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, 16 наурыздан бастап Назарбаев даңғылының әл-Фараби даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі бөлікте кәріз қақпақтарын жаңа асфльт деңгейімен бірдей ету үшін көтереді.
«Осыған байланысты 3 күн қозғалысқа уақытша шектеу енгізілуі мүмкін. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде ескерту белгілері қойылады. Тұрғындардан бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – дейді басқарма.
Бұған дейін 15 наурыздан бастап Алматыда 15 наурыздан бастап кеміргіштерді өлтіру науқаны басталатынын жазған едік.