15 наурыз Конституция күні болса, наурызда тағы бір демалыс қосыла ма

Референдум аяқталғаннан кейін Тоқаев 15 наурызды Конституция күні деп жариялады. Демек күнтізбеге жаңа мемлекеттік мереке қосылды. Ол демалыс күні бола ма? Бұрынғы 31 тамыз, Ата заң күні, мереке ретінде алынып тастала ма? Көпшілікті мазалаған сұрақты Kursiv Media анықтап көрді.
15 наурыз жаңа мереке ме?
Жаңа Конституция жобасы қабылданса, онда Ата заң күні де өзгеретінін алғаш рет Сенат спикері Мәулен Әшімбаев айтқан еді.
«Конституцияны мұқият оқыған болсаңыздар Конституция қабылдаған күні біздің елімізде мереке ретінде тойланатыны айтылған. Сондықтан егер Конституция қабылданып жатса, мерекеміздің де күні өзгеретін болады», – деген еді ол журналистер сұрағына.
Кейіннен мұны Тоқаев та растады. Ол 15 наурызды Конституция күні деп жариялап, елдің ең басты мерекесі деп атады.
«Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз«, – деді президент референдум біткен түні.
Осыдан кейін көпшілік 15 наурыз күні тағы да демалыс бола ма деген сұрақ қоя бастады. Оған негіз жоқ емес. Бірінші наурыз Алғыс айту күні, Халықаралық әйелдер күні, 22 наурызға жаңа Ата заң күні қосылса, наурыз мереке мен демалысқа толы ай болмақ.
«Әлі өзіміз де білмейміз»
Осы сұрақпен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып көрдік. Бірақ олар әзірге нақты ешнәрсе айта алмады.
«Біз әлі ештеңе айта алмаймыз. Референдум өткені кеше ғана, ары қарай не болатыны нақты белгісіз. Әлі заңға тәуелді актілер өзгеруі керек», – деді министрлік өкілі.
Айта кетейік, қазір бізде Конституция күні – 30 тамыз. Ол мемлекеттік мереке және сол күні қазақстандықтар демалады. Жаңа Ата Заң қабылданғаннан кейін ол мереке орнында қалатын-қалмайтыны да белгісіз.