Сотта Жанабыловтар қылмыс жоспарын қалай құрғаны айтылды

Астана сотында блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты айыптау актісі оқылды. Соған сәйкес, блогерлер әлеуметтік желіде бақуатты өмірін көрсетіп, көпшілікті табысты екеніне сендірген.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.
«Курстар азаматтарды рұқсат етілмеген ұтыс ойындарына қатыстыру арқылы табыс табуға бағытталған. Олар лотереяны бүркемелейтін қызмет атқарған. Қылмыс жоспарын іске асыру мақсатында курс сатамыз деп, лотерея өткізу ережелерін әзірлеген. Лотерея ережелеріне сәйкес, оның мерзімі 4 айды құрап, 2025 жылдың 21 тамызынан 31 желтоқсанына дейінгі мерзім деп белгіленген.
«Ережеге сәйкес, кепілдендірілген ұтыстар ретінде 10 дана Hyundai маркалы автокөлік, iPhone маркалы ұялы телефондар және 5 000, 10 000, 50 000, 500 000, 750 000 теңге, сондай-ақ 1 000 000 теңге және 2 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қарастырылған. Жалпы жүлде қорының сомасы 200 000 000 теңгеден асқан. Бұл ретте олар курстарды сатудан шамамен 487 000 000 теңге қаражат тартуды жоспарлаған», – делінген айыптау актісінде.
Прокурордың айтуынша, Төлегенова бекіткен ережелерге сәйкес, акцияға 16 249 адам қатысқан. Яғни 16 249 × 30 000 теңге = 487 470 000 теңге. Осылайша, шығындарды шегергеннің өзінде сотталушылар 200 млн теңгеден астам табыс табуды көздеген.
Айыптау актісіне сәйкес, Жанабыловтың әрекеттері тұтынушыларды әдейі жаңылыстырған. Ол автокөлік ұтып алу мүмкіндігі туралы ақпарат таратқан, алайда тараптар арасындағы шарттық қатынастар тек онлайн-курстарды сатуды ғана қарастырған. Жүлде ұтысын ұйымдастыру Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшалар арқылы жүргізілген, ал ресми корпоративтік сайт немесе заңды тұлғаның аккаунты пайдаланылмаған.
Жанабылов пен Төлегенованың Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунты олардың жеке парақшасы болғандықтан, олар жеке тұлғалар – жеке кәсіпкерлер ретінде әрекет еткен.
«Тергеу барысында Жанабылов пен Төлегенова арасында акцияларды өткізу қызметін реттейтін шарттық-құқықтық қатынастар болмағаны анықталды. Қылмыстық ниетті жүзеге асыру мақсатында Жанабылов пен Төлегенова жеке кәсіпкерлер мен өзара байланысты тұлғалар арасында қызмет көрсету туралы шарттар жасасқан. Алайда бұл шарттар формалды сипатта болған. Сонымен қатар жарнамалық науқан – бейнероликтер, стористер және жарияланымдар – заңды тұлғаның атауын көрсетпей, іс жүзінде Жанабыловтың жеке аты арқылы жүргізілген. Бұл нақты ұйымдастырушыны әдейі жасыру ниетін көрсетеді», – дейді прокурор.
Олжас Хайруллаевтың сөзінше, видеоларды зерттеу барысында Жанабылов жүлдені ұтып алуға болады делінген барабан көрсетілген жарнама ролигіне өзі қатысқаны анықталған. Онда автокөлік ұтып алу мүмкіндігін көрсеткен. Видеолар қымбат жүлдені ұтып алу мүмкіндігі жоғары деген әсер қалдыруға бағытталған.
«Сонымен қатар роликте 5000 теңгеден 2 миллион теңгеге дейінгі жүлде бар екені көрсетілген. Алайда шын мәнінде автокөлікті ұтып алу ықтималдығы видеода көрсетілгеннен әлдеқайда төмен болған. Тергеу барысында ұтыс механизміне өзгерістер енгізілгені де анықталды: 5000 теңге ұтып алу ықтималдығы басқа жүлделерге қарағанда жоғары болған.
Айыпталушылардың барабан параметрлеріне техникалық тұрғыдан өзгерістер енгізуге мүмкіндігі болғанын және мұндай әрекеттердің салдарын түсінгенін ескере отырып, бұл шешімдер әдейі қабылданып, ұтыс нәтижелерін бұрмалауға бағытталған деп бағаланады», – дейді мемлекеттік айыптаушы.