Енді ақылы жолда төлем жасамағаныңыз үшін айыппұл кешігіп келеді

Көлік министрлігі ақылы жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгеріс енгізді. Енді жолақысын уақытында төлемегендерді жауапкершілікке тарту азаяды.
Бұрынғы нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын жеті күн ішінде төлемесе, сегізінші күні материалдар көліктік бақылау органдарына жіберілетін.
Жаңа тәртіп бойынша, ол бір айға созылды. Яғни жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні ғана бақылау органдарына жолданады.
Тағы бір атап өтетін жайт, жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізіліп отыр. Егер заңды тұлға айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі.
«Аталған өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерімен жүргені үшін төлем жасауға жүргізушілерге қосымша уақыт береді», – дейді көлік министрлігінен.
Өткен жылғы дерек бойынша, ақылы жолдардан 87 млрд теңге қаржы түскен. Қазір ел аумағында ұзындығы 4 мың 900 шақырым болатын 26 ақылы жол учаскесі бар. Осы жылы тағы 6 ақылы жол учаскесін қосуды жоспарлап отыр.