Наурызнама-2026: Астанада «Шаңырақ күні» қандай шаралар өтеді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Астанада «Наурызнаманың» онкүндігі аясында «Шаңырақ күніне» арналған бірқатар маңызды іс-шаралар өтеді. Елорда әкімдігі бұл күні әсіресе көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетпек.

Мерейтой иелері құрметке бөленеді

Бұл күні Байқоңыр ауданының аумағында мерейтойын атап өтіп жатқан отбасыларға (бірге өмір сүргендеріне 45, 50, 55 жыл толған) салтанатты құттықтаулар ұйымдастырылады.

Кітап көрмелері, экскурсия, отбасылық эстафета

Астанадағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің филиалдарында кітап көрмелері өтеді. Ал Өнер музейінде оқушыларға арналған экскурсиялар ұйымдастырылады.

Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Көңілді старттар – 2026» атты отбасылық эстафета өтеді. Іс-шараның мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі отбасыларды ынталандыру, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Көпбалалы аналарға «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілері беріледі

Шаңырақ күні Астанада көпбалалы аналар да марапатталады. Есіл және Сарыарқа ауданындағы көпбалалы аналарға «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерін табыстау салтанатты рәсімі өтеді. Марапаттау рәсімі сағат 11:00-де Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайында басталады.

Неке қию, тұсау кесу рәсімдері

Сондай-ақ, жас жұбайлар мен ұзақ жыл бірге келе жатқан жұптар символикалық түрде некесін қайта қияды. Ол сағат 15:00-де Сарыарқа 13 мекенжайында өтеді.

Ал сағат 16:30-да Кенесары көшесі 9 мекенжайындағы «Өрлеу» орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Тұсаукесер» рәсімі өткізіледі. Іс-шараға Сарыарқа ауданының әкімі қатысады.

Өнердегі жұптармен кездесу

Осы күні Музыкалық жас көрермен театрында «Бақытты шаңырақ жыры» тақырыбында шығармашылықпен айналысатын жас отбасылармен кездесу өтеді. Іс-шара 17 наурыз күні кешкі сағат 18:30-да басталады. Театр ұжымында бір-бірімен шаңырақ көтеріп, отбасын құрған 19 жұп бар. Кездесу барысында әндер шырқалып, жас отбасылар өз өнерлерін көрсетеді, ақ тілектер мен баталар айтылады.

Айта кетейік, Наурыз мейрамының онкүндігі аясында 17 наурыз – Шаңырақ күні деп жарияланған. Бұл күн отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесі мен шаңырақ бүтіндігіне арналады.

Сондай-ақ оқыңыз