Электромобильдерге арналған пауэрбанк шықты

Қытайда мобильді робот-зарядтағыштар кез келген автотұрақ орнын электр көліктерін қуаттау нүктесіне айналдырып жатыр.
Бұл туралы Carnewschina хабарлады.
«Мобильді пауэрбанк» деп аталған ықшам, өзін-өзі қуаттайтын құрылғы Наньнин қаласына қойылды. Бұл электромобиль иелерінің көптен бергі мәселесін жеңілдетті. Жүйе қымбат инфрақұрылымды жаңартуды қажет етпей-ақ, сұраныс бойынша қуаттауды ұсынады.
400-ден астам электромобиль иесі тұратын Линьлицяо Цзяюань тұрғын кешенінің тұрғындары енді мобильді қосымша арқылы интеллектуалды робот-зарядтағышты шақыра алады. Биіктігі 1,5 метр. Шамамен 100 кВт⋅сағ сыйымдылықтағы батареямен жабдықталған. Ол тұрақтағы көлікке өзі келіп, бірнеше минут ішінде жылдам қуаттауды бастайды. Компания мәліметінше, қуаты 10%-ға дейін түскен көлікті шамамен 40 минуттан 1 сағатқа дейін толықтыруға болады.
«Мобильді пауэрбанк» – Eraergy әзірлеген «Energy Tank» атты өнім. Компания бұл тұжырымдаманы энергия сақтау жүйелері, басқарылатын шасси және интеллектуалды басқаруды біріктіретін, қуаттау мен энергиямен қамтамасыз етудің кешенді жаңа буыны ретінде сипаттайды.
Айта кететін жайт, 21 мыңнан аса қазақстандық электрокөлікпен жүреді.