Air Astana Алматы – Пхукет бағытына 9 қосымша рейс ашты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Air Astana Наурыз қарсаңында Алматыдан ұшатын рейстер санын көбейтті / Фото: Shutterstock

Air Astana Наурыз мерекесі қарсаңында Алматыдан халықаралық рейстер санын көбейтті. Енді Пхукет, Дели, Лондон, Стамбул, Тбилиси, Ташкент және басқа да танымал бағыттарға рейстер көбейеді.

Әуекомпания мереке кезінде сұраныс көп болатын бағыттарға басымдық беріп отыр.

Ең көп рейс Пхукет бағытына ашылған, Наурыз мерекелерінде бұл бағытқа тағы 9 рейс қосылады. Сонымен қатар компания Вьетнам бағытын да күшейтті. Фукуок аралына енді кең фюзеляжды Boeing 767 ұшағы ұшады. Соның арқасында орын саны 35%-ға артады.

Дели бағытына да рейс саны артады.

«Наурыз айында Алматыдан Үндістан астанасына қосымша 13 рейс ашылады. Сондай-ақ Лондон, Мале, Стамбул, Тбилиси және Ташкент бағыттарына да әуе рейстері жиілейді», – делінген әуекомпания хабарламасында.

Air Astana мәліметінше, көпшілік қысқы маусымдағы соңғы демалысын Наурыз кезіне жоспарлайды. Сол себепті осындай шешім қабылданған.

Сәуір айында да қосымша рейстер болады

Air Astana мерекеден кейін де рейстер санын арттыруды жоспарлап отыр. Сәуір айында компания кей бағыттар бойынша рейстер санын тағы да жиілетпек.

«Астана-Франкфурт бағыты бойынша рейс біртіндеп ай соңына дейін күн сайынғы рейске дейін жеткізіледі. Сонымен қатар Aлматы – Пхукет және Aлматы – Бангкок бағыттарына да қосымша рейстер ашылады. Бұл ретте Пхукетке рейстер Boeing 767 кең фюзеляжды ұшақтарында орындалады», – деп хабарлады Air Astana.

Компания Мальдив әуе қатынасын да ұзартуға шешім қабылдады. Алматы мен Мальдив аралығындағы рейстер мамыр айының соңына дейін сақталады.

Наурыз айындағы мерекелік күндер қарсаңында әуе компаниялары ішкі рейстер санын да көбейтіп жатыр. Мәселен, Air Astana және FlyArystan 2026 жылы 16-29 наурыз аралығында ел ішіндегі сұранысқа ие бағыттар бойынша 146 қосымша рейс орындайды. Оның 80-і Алматы – Астана бағытындағы сапарлар.

Сондай-ақ оқыңыз