Қазақстаның басты сауда серіктестері – Қытай мен Ресей

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Экспорттың үлесі басым / Фото: ЖИ-мен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың қаңтар айы Қазақстанның сыртқы саудасы үшін айтарлықтай өсіммен басталды. Еліміздің халықаралық нарықтағы белсенділігі артып, жалпы тауар айналымы 11 миллиард долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,9%-ға жоғары.

Экспорт пен импорттың арасалмағы

Сауда көрсеткіштерінің ішінде экспорт көлемі ерекше қарқынмен өсті. Қаңтар айында Қазақстан сыртқа 6,3 миллиард доллардың тауарын сатып, көрсеткішті 22,8%-ға жақсартты.

Импорт көлемі де өсім көрсетіп, 4,7 миллиард долларға (+7,7%) тұрақтады. Нәтижесінде, сауда балансының профициті (экспорттың импорттан артық болуы) екі есе астам өсіп, 1,6 миллиард долларды құрады.

Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың қаңтарында көрсеткіш небәрі 0,8 миллиард доллар болған еді. Қазақстан Республикасының экспорттағы негізгі әріптес елдері: Италия (19%), Қытай (14,3%), Ресей (8,6%), Франция (6,8%), Нидерланды (6,5%), Түркия (6,3%) болған

Ал импорттағы негізгі әріптестік Қытай (33,9%), Ресей (29,2%), Германия (5,3%), АҚШ (4,4%), Корея Республикасы (2,8%), Түркиямен (2%) орнатылған.

ЕАЭС аясындағы серіктестік

Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы сауда айналымы бөлек есептеледі. Бұл көрсеткіш 2,2 млрд долларды (+15,4%) құрады.

Одақ шеңберіндегі тауар алмасуда импорттың үлесі басым – 1,5 млрд доллар, ал экспорт көлемі 0,7 млрд долларға тең.

Қазақстанның одақтас елдермен жасаған әрбір 100 теңгелік саудасының негізгі бөлігі бір ғана мемлекетке тиесілі. Нақтырақ айтсақ, серіктестер арасындағы үлес салмағы мынадай:

Ресей Федерациясы – 88,6%: Бұл біздің одақ аясындағы ең басты және ірі сауда серіктесіміз екенін білдіреді. Сауда айналымының басым бөлігі, яғни 10 теңгенің 9-ы дерлік осы елге тиесілі.

Қырғыз Республикасы – 7%: Көршілес елмен арадағы сауда көлемі екінші орында тұрғанымен, Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Беларусь Республикасы – 4,1%: Бұл елмен арадағы экономикалық байланыстар орташа деңгейде.

Армения Республикасы – 0,2%: Одақ ішіндегі ең төменгі көрсеткіш, яғни бұл елмен сауда айналымы әзірге өте аз көлемді құрайды.

Қазақстанның ЕАЭО-дағы экономикалық қарым-қатынасы негізінен Ресей нарығына бағытталған, ал қалған үш елдің (Қырғызстан, Беларусь, Армения) жиынтық үлесі 12%-ға да жетпейді.

Қазақстан қандай тауар сатады?

Еліміздің экспорттық әлеуетінде әлі де шикізат ресурстары жетекші орында. Экспорт құрылымының негізгі бөлігін мына тауарлар құрады:

  • Мұнай және мұнай өнімдері – 49,1%;
  • Мыс – 6,6%;
  • Мыс кендері – 3,7%;
  • Ферроқорытпалар – 3,2%;
  • Бидай – 3,2%.

Ал елге әкелінген тауарлардың (импорттың) тізімінде технологиялық өнімдер мен көлік саласының тауарлары көш бастап тұр:

  • Электр жабдықтары – 5,7%;
  • Газ және көмірсутектер – 4,7%;
  • Автокөлік шанақтары – 3,3%;
  • Жеңіл автомобильдер – 3,2%;
  • Телефондар – 2,8%.

Тұтастай алғанда, жылдың басы сыртқы саудадағы оң динамиканы көрсетіп, ел экономикасына келетін валюта ағынының тұрақтылығын растап отыр.

2025 жылы Қазақстанның экспорттық әлеуеті 3,2%-ға төмендеп, 79 млрд долларды құраған. Экономист Руслан Сұлтановтың жазуынша, сыртқы сауда айналымының баяулауына мұнай, уран және түсті металдар жеткізілімінің азаюы себеп болып, ел қазынасы 4,1 млрд доллар көлеміндегі валюталық түсімнен қағылды.

Сондай-ақ оқыңыз