Рубльдің әлсіреуі Ресейден келетін тауарларды арзандатады – қаржыгер

2025 жылдың наурыз айынан бері алғаш рет Ресей рублінің теңгеге шаққандағы бағамы 6 теңгелік межеден төмен түсті. Қаржыгер Сұлтан Елемесовтің пікірінше, бұл үрдіс Қазақстан экономикасы үшін жалпы алғанда оң сипатқа ие.
Рубльдің әлсіреуі Ресейден келетін тауарлардың айтарлықтай арзандауына жол ашады, бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы азық-түлік инфляциясының баяулауына тікелей ықпал етпек.
Қазақстан азық-түліктің қомақты бөлігін көршілес елден импорттайтындықтан, бұл фактор халықтың сатып алу қабілетіне оң әсер етеді.
Сарапшы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі қазіргі жағдайда теңгеге деген жоғары сұранысты тиімді пайдаланып отырғанын атап өтті.
Теңгенің рубль мен долларға қатысты нығаюы қосылған құн салығы (ҚҚС) өсімінің бағаға тигізетін қысымын теңгеруге мүмкіндік береді. Осының арқасында елдегі жалпы инфляция деңгейі алдағы уақытта салыстырмалы түрде тұрақты қалуы мүмкін.
Алайда, теңгенің шамадан тыс нығаюының екінші жағы да бар. Сұлтан Елемесов алдағы уақытта Ұлттық банктің қандай қадамдарға баратыны үлкен қызығушылық тудыратынын айтады.
Тым күшті ұлттық валюта экспорттық түсімдердің құнын төмендетіп, мемлекеттік бюджетке түсетін кірістерді азайтуы ықтимал.
Әлемдік нарықта рубльмен қатар, доллар да арзандар жатыр. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) бүгінгі күндізгі сессия ұлттық валюта үшін айтарлықтай табысты басталды. Сауда-саттық ашыла сала доллар бағамы 477,90 теңгеге дейін төмендеді.