Тоқаев заң мен тәртіпті нығайтуға үлес қосқан азаматтарды марапаттады

Бүгін Ақордада Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті. Негізгі рәсім өткеннен кейін Тоқаев бір топ азаматқа мемлекеттік награда табыстады.
Оларды «елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін» марапаттады деп хабарлайды Ақордадан.
Мемлекеттік награда алғандар арасында премьер-министр Олжас Бектенов, мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, мәжіліс депутаты Ринат Зайытов, Айдос Сарым, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бар.
Айтыскер, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, Qazaqstan ұлттық арнасының тележүргізушісі Армангүл Тоқтамұрат та марапатталғандар қатарынан көрінді.
Салтанатты шарада президент жаңа Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды.
Алғаш рет елімізде әкімшілік жауапқа тартылғандарға рақымшылық жасалатынын да хабарлады.