Алатау мен Астана қаласының мәртебесі конституциялық заңмен бекітілмек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media/, бильд-редактор Ахтам Зиперпов

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, жаңа Конституция Қазақстан экономикасының өсімін қамтамасыз ететін тұрақты, ашық және болжамды құқықтық орта қалыптастыруға бағытталған. Ол білім, ғылым, инновация және адами капиталды дамытуды басты стратегиялық бағыт ретінде бекітеді.

Жаңа Конституцияның нормаларын іске асыру аясында Ұлттық экономика министрлігі «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдардың жобаларын әзірлеген.

Алатау қаласына қатысты заң жобасы қазір парламентте қаралып жатыр және наурыз айының соңына дейін мемлекет басшысына ұсынылады. Қалған екі заң жобасы наурыз-сәуір айларында мәжіліс қарауына жіберіледі.

«Жаңа Конституция елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін тұрақты құқықтық негіз құрып, тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған», – деді Жұманғанрин.

«Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» заң жобасы қалада ерекше құқықтық режим енгізуді көздейді. Атап айтқанда:

  • басқару құрылымын нақтылау;
  • халықаралық стандарттарды енгізу;
  • цифрлық активтерді реттеу;
  • дрондар мен жаңа технологияларды дамыту;
  • инвестицияларды қорғау;
  • арнайы салық және бюджет режимдерін қолдану.

Сонымен қатар, «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заң жобасы елдің аумақтық жүйесін жетілдіруге бағытталған. Онда облыс, аудан, қала және ауылдардың мәртебесі мен оларды басқару тәртібі нақтыланады. Бұл мемлекеттің тұтастығын нығайтуға ықпал етеді.

Тағы бір маңызды бағыт – Астананың мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту. Бұл елорданың тұрақты дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік бермек.

Қазақстанда 15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтіп, оны халықтың басым бөлігі қолдаған.

Сондай-ақ оқыңыз