Сенегал титулынан айырылды: Марокко финалда ұтылса да Африка чемпионы атанды

Футбол әлемі бұрын-соңды болмаған таңғажайып шешімге куә болды. Африка футбол конфедерациясы (CAF) 2025 жылғы Африка Кубогының жеңімпазын ауыстырды: Сенегалдан алтын тартып алынып, Мароккоға берілді.
17 наурыз күні кешке CAF ресми сайтында апелляциялық кеңестің шешімі жарияланды. Онда Сенегал құрамасына 0:3 есебімен техникалық жеңіліс беріліп, турнир қожайыны Марокко чемпион деп танылды.
Естеріңізде болса, финалдық кездесудің 120 минутының қорытындысы бойынша Сенегал минималды есеппен жеңіске жеткен болатын. Алайда CAF ережесінің 84-бабы бұл нәтижені күл-талқан етті.
Даудың басы: Неліктен мұндай шешім қабылданды?
Марокко Корольдік футбол федерациясы финалдан кейін бірден шағым түсірген. Себебі:
- Ойынның соңында төреші Сенегал қақпасына пенальти белгілегенде, сенегалдық футболшылар наразылық ретінде алаңнан шығып кеткен.
- Бұл әрекет ойын ырғағына және футболшылардың психологиялық күйіне «айтарлықтай әсер етті» деп танылды.
- Сенегалдықтардың алаңнан кетуіне байланысты «Реал» жұлдызы Браим Диас пенальтиді тек 94-минутта (90+24) орындауға мәжбүр болды. Осындай алапат қысым астында ол гол соға алмады.
Нәтижесінде матч овертаймға ұласып, Пап Гейе Сенегалға жеңіс сыйлаған еді. Бірақ Марокко тарапы бұл жеңістің әділетсіз екенін дәлелдеп шықты.
Апелляциялық кеңестің қаулысы:
CAF апелляциялық кеңесі келесідей шешімдер шығарды:
- Марокконың шағымы толық қанағаттандырылды.
- Тәртіптік кеңестің бұрынғы шешімі (615 мың доллар айыппұл) жойылды.
- Сенегал құрамасының әрекеті регламенттің 82 және 84-баптарын (тәртіпсіздік және ойынды тоқтату) бұзды деп танылды.
- Сенегалға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс есептеліп, Марокко ресми түрде чемпион атанды.
«Сенегал құрамасы өз әрекеті арқылы турнир ережелерін өрескел бұзды, сондықтан олар жеңімпаз мәртебесінен айырылады», делінген ресми хабарламада.
Браим Диас пен Хакимиге тосынсый
Бұл жаңалық Чемпиондар лигасының маңызды матчтарынан кейін белгілі болды. Марокко құрамасының көшбасшылары Браим Диас пен Ашраф Хакими үшін бұл нағыз күтпеген сыйлық болды. Енді олардың қоржынында Африка Кубогының алтын медалі бар.
Еске сала кетейік, Марокконы Африка кубогының финалына шығарған бас бапкер қызметінен кеткен еді.