Дубайдан қашу: БАӘ билігі инвесторларға салық жеңілдіктерін ұсынды

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың ушығуы әлемдік қаржы хабы Біріккен Араб Әмірліктерін (БАӘ) шұғыл шешімдер қабылдауға мәжбүр етті. АҚШ пен Иран арасындағы текетірес Дубайдың «қауіпсіз айлақ» ретіндегі имиджіне нұқсан келтіріп, капиталдың жылыстауына (капитал қашуы) түрткі болды. Енді әмірліктер билігі экспаттарды елде алып қалу үшін салық ережелерін жеңілдетпек. Kursiv Media БАӘ билігі инвесторлардың кетуін тоқтату үшін қандай іс шара қабылдағанын саралап көрді.
Салықтық «қармақ»: Кетуге асықпаңыз
Financial Times хабарлауынша, БАӘ билігі шетелдік мамандар мен инвесторларға (экспаттарға) салықтық резидент мәртебесін жоғалтпай, елден тыс жерде көбірек уақыт өткізуге рұқсат бермек.
Бұған дейін салықтық жеңілдіктерді сақтау үшін шетелдіктерге қойылған талап қатаң болатын:
- Жыл ішінде Әмірліктерде қатарынан 183 күн болу;
- Жұмысы мен баспанасы болған жағдайда кемі 90 күн елде өткізу.
Енді бұл ережелер жұмсартылады. Мақсат – соғыс қаупінен сескеніп, елден кетіп қалған ауқатты мигранттардың БАӘ қаржы жүйесімен байланысын үзбеу. Бұл қадамды салық заңгері Эльза Литлвуд былай түсіндіреді:
«Дубайдың қауіпсіздік кепілі ретіндегі тартымдылығына сызат түсті. Қала экономикасы мен имиджі үшін бұл адамдарды сақтап қалу өте маңызды».
Экономист Эльдар Шамсутдинов: «Басты қауіп – капиталдың қашу жылдамдығы»
Алайда белгілі қазақстандық экономист Эльдар Шамсутдинов бұл жағдайға әлдеқайда тереңірек, «қаржылық диагноз» қояды. Оның айтуынша, БАӘ-нің әрекеті еріккеннің ермегі емес, капиталдың жылыстауын тоқтатуға бағытталған «реанимациялық» шара.
Ликвидтілік дағдарысы: Егер ақша елден тым жылдам шыға бастаса, бұл БАӘ қаржы жүйесін тұралатып тастауы мүмкін. Келесі қадам – капиталды сыртқа шығаруға тікелей шектеулер қойылуы ықтимал.
Қазақстанның «мүмкіндіктер терезесі»: Инвесторлар Дубайдан қашса, олар жаңа бағыт – CEEMEA (Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка) аймағына назар аударады. Мұнда дамыған қаржылық инфрақұрылымы бар Қазақстан басты үміткерлердің бірі.
Қазақстан дайын ба? «Кэрри-трейд» сабағы
Экономист ескертетін бір «бірақ» бар: біздің банк секторы бұл капиталды қорыта ала ма? Шамсутдиновтың айтуынша, Қазақстан банктері бұған дейін «кэрри-трейд» (төмен пайызбен сырттан қарыз алып, жоғары пайызбен ішкі активтерге салу) кезінде тіпті шағын көлемдегі сыртқы капиталдың өзіне дайын еместігін көрсеткен.
«Басты қауіп – қаржы секторының осы ағынға тұншығып қалмауы , – дейді маман.
Дубай өз тарихындағы ең үлкен сынақтардың бірін бастан кешуде. Алпауыт елдер арасындағы соғыс оты тек саясатты емес, триллиондаған доллар ақшаның бағытын өзгертіп жатыр. Егер БАӘ-ден капитал қашатын болса, Қазақстан үшін бұл – «алтын мүмкіндік». Бірақ бұл мүмкіндікті пайдалану үшін біздің қаржы жүйеміз «қызу қанды» инвесторлардың қысымына шыдас беретіндей мықты болуға тиіс.