Депутат есепшоты бұғатталған адамның жалақысын қолма-қол беруді ұсынды

Есепшоты бұғатталған қызметкерлер жалақысының жартысын қолма-қол алуға құқығы бар. Осылай деген мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Еңбек кодексіне жаңа ұсыныс тастады.
«Енді Еңбек кодексіне қатысты мынадай өзгеріс енгізуді ұсынып отырмыз. Адамның бұрынғыдай қолма-қол ақшамен жалақы алуға құқығы бар. Өткенде Ұлттық банкпен сөйлестім, біз қарсы емеспіз дейді. Қарыз болатын болса, 50% алып қалуына болады. Мақұл, 50% алып қалсын, бірақ жартысын өзіне қолма-қол ақшамен берсін. Шотты 100% бұғаттауға болмайды. Бірақ банктер азаматтардың заңды білмегеніне қарай, толық бұғаттап тастап отыр. Сондықтан Еңбек кодексіне осындай ұсыныс беріп отырмыз. Жұмыс орнындағы жалақысының жартысын қолма-қол алсын, ешқандай карта талап етпей», – деді ол мінберден.
Бұл мәселені көтеруіне де негіз жоқ емес. Депутат сөзінше, қазір елдегі 1,5 млн адамның есепшоты бұғатталған. Олар жаңадан жұмысқа орналасатын кезде жаңа карта ашуға мүмкіндігі болмайды. Тиісінше жұмысқа орналасуға да мүмкіндігі жоқ. Ал орналасқан күннің өзінде тиесілі жалақысын пайдалана алмайды.
«1,5 млн адамның есепшоттары бұғатталған қазір. 2019 жылы нотариустар шешім шығарады деген норма пайда болды. Нотариустар қазір 1,5 млн адамның шоттарын сотсыз бұғаттап тастаған. Ешқандай жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Я айлық ала алмайды, я тамақ іше алмайды. Шот болмағаннан кейін жұмысқа да қабылдамайды», – дейді Әбенов.
Әзірге, бұл ұсыныс күйінде айтылды. Заңға қабылданған жоқ.
Ескерте кетейік, Еңбек кодексі бойынша қызметкердің борышы болса, оның жалақысынан тек 50%-ын ғана ұстап қала алады. Банк немесе коллекторлар заңсыз түрде жалақының барлығын алып қоя алмайды.