Сотта Жанабыловтың мобилографы қандай видеолар түсіргенін айта алмады

Блогер Ерболат Жанабыловтың мобилографы сотқа куә ретінде шақырылды.
Куә Сара Қымбатованың айтуынша, Жанабыловтың Instagram парақшасына 2025 жылдың жазында жұмыс сұрап жазған. Сол уақыттан бастап бірге жұмыс істеген. Алайда куә істегі прокурордың түсірген видеоларына қатысты сұрағына «есімде жоқ» деп жауап берумен болды.
Прокурор куә Қымбатовадан «Жанабыловтың 10 көлік туралы айтқан видеосын, ұтысты жеңіп алған адамдарға сыйлықты табыстау сәтін видеоға сіз түсірдіңіз бе?» деп сұрады. Куә мобилограф ретінде қандай түсіргені есінде жоқ екенін айтты.
«Көп уақыт өткендіктен, қандай видеоны монтаждағаным есімде жоқ», – деді куә Қымбатова.
Сондай-ақ сот барысында сотталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова мобилографтан «Жанабыловтар өткізген ұтыстар әділ өтті ме?» деп сұрады. Куә ұтыстың әділ өткізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ ұтыс барысында көлік пен iPhone телефондары жеңімпаздарға табысталғанын айтты.
Содан кейін прокурор «Сіз адвокаттың сұрағына ұтыстың әділ өткенін айттыңыз. Ұтыстардың әділ өткенін сіз қайдан білесіз? Мобилографтың қызметіне не кіретіні туралы сұрағанымда «видео түсіріп, монтаж жасайды» деп айттыңыз», деді.
Куә мұның жеке пікірі екенін жеткізді.