Құлмахановтарға тиесілі болған супермаркетті Halyk Bank өз еншілес компаниясына сатты

Алматының қақ ортасындағы танымал нысандардың бірі – Interfood супермаркетінің ғимараты сатылды. Кезінде Forbes рейтингінен түспейтін белгілі кәсіпкерлер Құлмахановтар отбасына тиесілі болған бұл ірі коммерциялық нысанды Halyk Bank еншілес компаниясына сатып, активті банк мүліктерінің арасында қалдырды.
Медеу ауданындағы стратегиялық маңызы бар, жалпы ауданы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат 18 наурыз күні өткен ашық сауда-саттық арқылы 2,27 миллиард теңгеге бағаланды.
Ғимараттың саудаға шығуына қарыз алушының міндеттемелерін орындай алмауы себеп болған, яғни нысан кепілдегі мүлік ретінде банктің балансына өткен.
Нәтижесінде, Dmas алаңында өткен аукционда небәрі екі үміткер бақ сынап, жеңіс «Халық Актив» ЖШС-не бұйырды. Құрылым – банктің проблемалық немесе бейінді емес активтерін басқаруға маманданған арнайы бөлімшесі.
Супермаркет кімге тиесілі еді
1986 жылы іргесі қаланған нысанның тарихы қазақстандық ірі ритейл бизнесінің өрлеуімен тығыз байланысты. «Interfood» желісін құрған Құлмахановтар әулеті 2016 жылы Қазақстанның ең дәулетті рантьелерінің тізімінде үздік ондықтың қатарынан көрініп, тек жалға беруден миллиардтап табыс тапқан болатын.
Forbes дерегіне сүйенсек, Шаблай Құлмаханов – White Tower бизнес орталығының иесі. Оның жұбайы Шолпан Құлмаханова «Interfood» супермаркеттер желісін басқарған «Interfood» бірлескен қазақ-герман кәсіпорнының құрылтайшысы болған. Осы компания арқылы отбасы Алматыдағы City Plus және City Center сауда-ойын-сауық орталықтарына иелік еткен. Сонымен қатар, Grand Asia A және Grand Asia B бизнес орталықтары да меншігінде болды.
Алайда уақыт өте келе нарықтағы өзгерістер мен несиелік жүктемелердің артуы қала орталығындағы осы бір құнды активті сатуға шығаруға алып келді.