Депутаттар Санжар Боқаевтың ұсталғаны туралы пікір білдірді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General News бөлімінің тілшісі
Санжар Боқаев / фото: KursivMedia мұрағаты
Санжар Боқаев / фото: KursivMedia мұрағаты

Танымал қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ұсталғанына қатысты Мәжіліс дәлізінде депутаттар пікір білдірді.

Көбісі бұл жайттан бейхабар екенін жеткізді. Тіпті, дені естімеген болып шықты.

«Көрмедім. Бірінші рет сіздің ауызыңыздан естіп тұрмін», – деп қысқа қайырды депутат Ермұрат Бапи журналистердің сұрағына.

Тек депутат Бақытжан Базарбек заңгер ретінде ойын ашық айтты.

«Жаңа ғана планерлық отырыста естіп қалдық. Мен заңгермін. Санжардың өзі бәрін біледі. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Санжардың адвокаттары бар. Прокуратура тергеу амалдарын бітірсін. Тиісті дәлелдемелерді ұсынсын. Прокуратураның айыптау үкімін оқып шығайық. Ол дәлелдемедерді қолға алмай мен қалай түсініктеме айта аламын?» – деді депутат Бақытжан  Базарбек.

Оның пікірінше, Санжар Боқаевтың қоғамдағы орны бөлек. Өзекті мәселелерді көтеріп жүр.

«Мен парламентке дейін Санжармен араласқанмын. Екі рет кездескенбіз. Санжарға сұхбат бергенмін. Бірталай маңызды мәселелерді көтерді», – деді депутат.

Ал депутат-заңгер Абзал Құспан бұл мәселеге жауап беруден қалыс қалуды жөн көріп отыр. «Ақпараттың өзін сізден естіп тұрмын», – деді ол.

Айдос Сарым болса, әліптің артын бағуға шақырып отыр.

«Бізде кейбір журналистер мен блогерлер бопсалау үшін ұсталса да, оны сөз бостандығын шектеу ретінде көрсетуге тырысады. Айып тағылса, ендеше бас прокуратураның дәлелдемелері болуы тиіс. Сондықтан не айтатынын көрейік. Басқа да органдар бар», – деді Айдос Сарым.  

Мұның алдында Бас прокуратура белсенді Санжар Боқаевтың ұсталғанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз