Депутаттар ірі шикізат компанияларының есепті ашық жариялауын талап етті

Қазақстанның ең ірі жер қойнауын пайдаланушылары – «Теңізшевройл», «Қазақмыс корпорациясы», «Қазмырыш» және басқалары ЖШС нысанында жұмыс істейді және тек өз құрылтайшыларының алдында ғана есеп береді. Ал Парламент пен қоғам халықтың жер қойнауы қалай пайдаланылып жатқанын бағалай алмайды. «Ақ жол» депутаттық фракциясы Премьер-министр Олжас Бектеновке бұл жағдайды өзгерту туралы талап қойып, сауал жолдады.
Депутаттардың пікірінше, ашықтық туралы талап барлығына бірдей қойылмайды. Акционерлік қоғам қаржылық есепті жария түрде ашуға міндетті болса, ЖШС-лар тек құрылтайшыларына ғана есеп береді.
Ал «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес, барлық жер қойнауын пайдаланушылар белгілі бір ақпаратты, соның ішінде түпкілікті бенефициарлар туралы мәліметтерді ашуға міндетті.
«Алайда, бұл талаптардың жүйелілігі, егжей-тегжейлілігі мен жариялылығы «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңдағы жария компаниялар үшін белгіленген талаптармен салыстырғанда әлдеқайда төмен», – делінген депутаттық сауал мәтінінде.
Осыған орай «Ақ жол» екі шешім ұсынады. Біріншісі – мұнай-газ және тау-кен металлургия салаларындағы барлық ірі компанияларды есептерін ашуға міндеттеуі керек.
Екіншісі – алдағы уақытта стратегиялық кен орындары бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына үміткер жаңа компаниялар тек АҚ формасында ғана құрылуы керек.
Мысал ретінде депутаттар Норвегия, Канада және Аустралияны келтіреді, онда ұлттық ресурстармен жұмыс істейтін компаниялар барынша жария жұмыс істейді және барлық есебі қоғам алдында жарияланады.
Айта кетейік, былтыр елдегі мұнай компанияларына 50 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған жазған едік. Компаниялар оның тек 1 млрд теңгесін өтеген.