«Қазақ күшінің картасы»: Түркістанда «Балуан тас» экспедициясы басталды

18 наурыз күні Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «Қазақ күшінің картасы» жобасы аясында «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы басталады.
21 наурызға дейін жалғасатын бұл ірі мәдени-танымдық жобаның авторы – күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров. Сапарды «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастырып отыр.
Экспедиция маршруты қазақ өркениетінің тарихи және сакральды кеңістігін толық қамтиды. Қатысушылар Шымкент қаласынан бастап, Сайрам, Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Созақ, Сауран аудандары мен Түркістан қаласын аралайды. Бағдарлама аясында 13 тарихи балуан тас нысаны зерттеліп, атақты батыр-палуандар көтерген бұл жәдігерлердің тарихи-аңыздық мәні зерделенбек. Сондай-ақ, Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында көне күш рәсімдерінің бірі қайта жаңғыртылып, мәдени реконструкция жасалады.
Сапар барысында экспедиция мүшелері өңірдегі Ибрагим ата, Қарашаш ана, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи, Бәйдібек ата және Домалақ ана секілді 12-ден астам киелі орынға зиярат етіп, облыстың өндірістік орталықтарын аралайды. Сонымен қатар, бұл жолғы экспедиция Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионатымен және Наурыз мейрамымен орайластырылған.
Жобаға белгілі журналистер, блогерлер, ғалымдар мен спортшылардан құралған арнайы медиа-пул қатысады.
Айта кетейік, былтыр елордада тұсауы кесілген «Қазақ күшінің картасы» жобасы бұған дейін Ақтөбе және Павлодар облыстарында зерттеу жүргізген болатын. Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу және ұлттық бірегейлікті нығайту.