Министрлік Ресейдегі мал індетіне байланысты фермерлерге жауап берді

Батыс Қазақстандағы фермерлер алаңдаулы: көршілес Ресейдегі қауіпті аурудың өршуіне байланысты олар өз жануарлары мен өнімдері үшін қауіптенеді. Осы тұста ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарларды, мал шаруашылығы өнімдерін және жем-шөпті әкелуге шектеу енгізді.
Сібірде не болды?
Ресейлік БАҚ мәліметінше, Сібірде билік пастереллез ауруының өршуіне байланысты ірі қара малды жаппай союды бастаған. Забайкалье мен Новосибирск облысының жекелеген аудандарында фермерлер аурудың айқын белгілері болмаса да, сиырлары мен басқа да малынан айырылып жатыр.
Мұндай шешімдер инфекцияның өндірістік кешендерге таралуына жол бермеу үшін қабылдануда. Бұл ретте халық түсініктеме мен өтемақы талап етуде, өйткені мал көптеген фермерлер үшін негізгі табыс көзі саналынады. Ал қазақстандық фермерлер шекаралас аймақтарда «сібірлік сценарийдің» қайталануынан қорқады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің шектеулері
«Курсив» сауалына берген жауабында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі шекарадағы шектеулердің алдын алу сипатында екенін түсіндірді. Ведомство жағдайдың тұрақты бақылауда екенін баса айтты.
«Ресей Федерациясының жекелеген өңірлеріндегі күрделі эпизоотиялық жағдайға байланысты, Қазақстан Республикасының аумағында эпизоотиялық амандықты қамтамасыз ету және жануарлардың аса қауіпті ауруларының енуіне жол бермеу мақсатында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тірі жануарларды, мал шаруашылығы өнімдерін, термиялық өңдеуден өтпеген жем-шөп пен жемшөп қоспаларын әкелуге және транзитке кезең-кезеңімен уақытша шектеулер енгізді», — деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі уақытта шекарада ветеринариялық-бақылау бекеттері күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Барлық жүктер қатаң тексеруден және толық қадағалаудан өтеді, көлік құралдары міндетті дезинфекцияға ұшырайды. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жүктер дереу жөнелтушіге қайтарылады.