Сот Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жұмысшылар өліміне қатысты үкім шығарды

Сот Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жұмысшылар өліміне қатысты үкім шығарды.
МӨЗ аумағында екі жұмысшының өліміне әкеп соққан қайғылы оқиға бойынша сот үкімі шықты. Тергеу барысында апаттың қауіпсіздік техникасын сақтамау және ақаулы техниканы пайдалану салдарынан болғаны анықталды. Осы іс бойынша нысанға жауапты қызметкер Ж. Күпешев пен жүргізуші М. Мұхамедиевке Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігімен айып тағылды.
Оқиға 2025 жылдың тамыз айында жұмысшылар 15 метр биіктікте құбыр қаптамаларын бөлшектеу кезінде орын алған. «ГАЗ-53» автокөлігіне орнатылған гидравликалық көтергіштің тірек механизмі істен шығып, техника оң жағына қисайған. Салдарынан биіктіктен құлаған екі жұмысшы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, істеген істеріне өкінетіндерін білдірді. Зардап шеккен жақтың өкілдері де сотталушыларды кешіргендерін айтып, оларды қоғамнан оқшауламауды сұраған. Алайда мемлекеттік айыптаушы кінәлілерге нақты түрме мерзімін беруді талап етті.
Сот жеңілдетуші мән-жайларды, атап айтқанда, шығынның өтелгенін және жұмыс орнынан берілген оң мінездемелерді ескере отырып, екі сотталушыны да кінәлі деп таныды. Үкім бойынша олардың әрқайсысы бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оларға үш жыл бойы еңбекті қорғау саласында жауапты қызмет атқаруға тыйым салынды.
Айта кетейік, қаза тапқан екі жұмысшы «КапРемСтрой Астана» мердігер ұйымының қызметкерлері болған. Қазіргі таңда сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.