Трамп Иранның ең ірі газ кен орнын жарып жіберемін деп қорқытты

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Оңтүстік Парс кен орны
Оңтүстік Парс газ кен орны / фото: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы газ кен орнын жарып жіберуі мүмкін екенін ескертті. Truth Social желісінде егер Иран тағы да Катарға шабуылдаса, қарсы жауап қайтаратынын мәлімдеді.

Тегеран Катарға соққы жасаса, АҚШ Оңтүстік Парс газ кен орнын «Иранның түсіне кіріп шықпаған жойқын күшпен» жарып жібереміз деп жазады Трамп. Сөзінше, ол мұндай қадамға барғысы келмейді, бірақ Иран жауап қайтарса, «ойланбастан жасауы мүмкін».

Мәселенің мәні

18 наурыз түнде Израиль Иран мен Катар арасындағы «Оңтүстік Парс» газ орнына соққы жасады. Axios порталының дерегінше, барлық іс-қимыл АҚШ-пен келісілген. Бірнеше өндіріс нысандары зақымдалды. Иран мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, Парсы шығанағындағы газ кен орнындағы өндіру қондырғысында өрт шыққан, зардап шеккендер туралы айтылмады.

Өз кезегінде Трамп Израиль бұл кен орнына «ашуланып» шабуылдағанын және мұны АҚШ білмей қалғанын айтады. Ал жауап ретінде Катардағы сұйытылған газ зауытына шабуыл жасаған Иран әрекетін «әділетсіз» деп бағалады.

«Оңтүстік Парс» – әлемдегі ең ірі газ конденсаты кен орны. Ол географиялық тұрғыдан Парсы шығанағының орталық бөлігінде орналасқан. Иран мен Катар қатар пайдаланады. Бұл жерде өндірілген газ Иранның ішкі нарығының 70%-ын қамтамасыз етеді.

Таяу Шығыстағы қақтығыс ушығуына байланысты әлемдік жанармай бағасы да шарықтап барады. Әлем нарығындағы жағдай туралы мына жерден оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз