Вьетнамнан Чехияға Алматы арқылы жаңа рейс ашылады

11 шілдеден бастап вьетнамдық VietJet Air әуе компаниясы Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша жаңа рейс іске қосуды жоспарлап отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, рейстер аптасына екі рет Airbus A330 ұшағымен орындалады. Бағыт әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі құқығы негізінде жүзеге асады.
«Аталған рейстер Қазақстандағы «ашық аспан» режимі аясында жүзеге асады. Бұл режим халықаралық әуе қатынасын дамытуға және шетелдік әуе тасымалдаушыларды тартуға көбірек мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, аталмыш бағыт туристік, іскерлік және гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстанның Вьетнам және Чехиямен ынтымақтастығын нығайтады.
Жаңа рейс Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік рөлін күшейтіп, халықаралық әуе маршруттары желісін кеңейтеді.