Сыйақы үшін жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескендер әшкереленді

Жыл басынан бері бірнеше өңірдегі автомектептердің қызметінде заңсыздықтар анықталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жариялаған ақпаратқа сәйкес, жүргізуші куәлігін рәсімдеу кезінде сыйақы алу және өкілетін теріс пайдалану фактілері тіркелген.
«Астана қаласында ммамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескен», – делінген ақпаратта.
Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факті анықталған.
Ал Көкшетау қаласындағы мамандандырылған ХҚКО және Екібастұз қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдары басшыларының заңсыз әрекеттері әшкереленді.
«Олардың жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырғаны үшін ақшалай қаражат алғаны анықталды», – деп хабарлады агенттік.
Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілетін теріс пайдаланған лауазымды тұлғалардың заңсыз баю фактілері анықталды.
Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, елде eGov.kz порталы және eGov Mobile қосымшасы арқылы жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады.