Уитни Хьюстон әсер етті: Роза Рымбаева «Наурыз-думан» әнінің құпиясын ашты

Жарияланды 19 Наурыз 2026 12:09

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: instagram

Көктем шығып, Наурыз мейрамы жақындағанда әрбір қазақтың шаңырағында «Наурыз-думан» әні шырқалатыны анық. Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауындағы бұл туынды ұлттық мерекенің басты символына айналды. Алайда, бұл әннің шығу тарихында көпшілік біле бермейтін қызықты деректер бар. Жақында әнші «Замандас» подкастына берген сұхбатында әннің қалай туғанын және оған әлемдік жұлдыз Уитни Хьюстонның қандай қатысы барын айтып берді.

Уитни Хьюстоннан көшірілді ме?

Көптеген тыңдармандар арасында «Наурыз-думан» әні батыстық стильде жазылған ба?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Роза Рымбаеваның айтуынша, ән ешқандай көшірме емес, бірақ оның «мінезі мен ритіміне» америкалық әнші Уитни Хьюстонның шығармашылығы әсер еткен.

«Сол уақытта маған бір ой келді: Наурыз туралы неге ән шығармасқа? Өзім сүйіп тыңдайтын Уитни Хьюстонның дискісін қосып отырып, болашақ әннің көңіл-күйі, ритімі мен динамикасы дәл осындай заманауи болғанын қаладым», – дейді Халық әртісі.

Мақатаевтың сөзі мен Сарыбаевтың шеберлігі

Әнші Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын сүйіп, ақынның жырларының ішінен «Наурыз-думанды» таңдап алады. Осыдан кейін композитор Талғат Сарыбаевқа барып, әннің батыстық драйв пен қазақы танымды ұштастыруы керектігін түсіндіреді. Кәсіби сазгер әншінің ойын бірден қағып алып, бүгінгі біз білетін әуенді дүниеге әкеледі.

Тұтас композиция

Әннің соңғы нүктесін қоюға Роза Рымбаеваның жары, марқұм Тасқын Оқаповтың қосқан үлесі зор.

«Тасқын бұл туындының ішінде қазақтың кең даласы, киіз үйі, тіпті жайылып жүрген малының дауысы сезілуі керек деді. Сондықтан әннің екінші бөлімінен кейін «Шернияз» күйін қосты. Осылайша «Наурыз-думан» жай әннен ауқымды музыкалық композицияға айналды», – деп еске алды әнші.

Еске сала кетейік, бұған дейін Роза Рымбаева жас әнші Еңлікке еліктеп рэп оқығысы келетінін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз