Трамп Тоқаевты Майамиге саммитке шақырды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ президенті Дональд Трамптан хат келіп түсті. Бұл туралы президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

Оның айтуынша, Трамп ақпанда Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы аясындағы кездесуді ықыласпен еске алған және тағы да АҚШ-қа шақырған.

«Құрама Штаттардың Президенті Мемлекет басшысын Бейбітшілік кеңесінің келесі отырысында және жыл соңына қарай Майамиде өтетін G20 саммитінде күтетінін жеткізді», – деді Смадияров.

Еске салайық, өткен айда Тоқаев ресми сапармен Вашингтонға барып, Трамп құрған Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысты. Салтанатты шарада президент сөз сөйлеп, Трампқа Бейбітшілік сыйлығын беру керек деген ұсыныс айтты. Алдағы  бес жыл ішінде палестиналық студенттерге 500 оқу грантын бөлетінін де мәлімдеді.

Бейбітшілік кеңесі осы жылы қаңтарда құрылды. Трамп сөзінше, оған тұрақты мүше болу үшін әр ел 1 млрд доллар көлемінде жарна төлеуі керек.  

Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылай жарнасыз қосылғанын айтқан. 

Сондай-ақ оқыңыз